ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ФОНЕТИКА САЙТЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ
ФОНЕТИКА САЙТЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ атындағы ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫ
Кітаптар Дәрістер
Бағыттар

Экспериментті фонетика

Экспериментті фонетика сөйлеу дыбыстарын арнайы аспаптар, акустикалық өлшемдер және зертханалық әдістер арқылы зерттейтін фонетика саласы.

Эксперименттік-фонетикалық зерттеулердің қалыптасуы

Жалпы эксперименттік-фонетикалық зерттеулер орыс тіл білімінде 1884 жылы Қазан лингвистикалық мектебінің көрнекті өкілі В.А. Богородицкийдің бастамасымен қалыптасты.

Ол 1884 жылы жарық көрген «Гласные без ударения в общерусском языке» атты еңбегінде еріндік артикуляция мен дауыс шымылдығының тербелісі мәселелерін қарастырды. Осы еңбектен кейін ғалымның эксперименттік фонетикаға қатысты зерттеулері жүйелі түрде жариялана бастады.

Оның «Заметки по экспериментальной фонетике» атты мақалалар топтамасы 1896–1907 жылдар аралығында жарық көрді. Ал 1930 жылы Қазан қаласында «Фонетика русского языка в свете экспериментальных данных» атты іргелі еңбегі басылып шықты.

Орыс тіл біліміндегі эксперименттік бағыт

Осы кезеңнен бастап орыс тіл білімінде фонетикалық зерттеулер эксперименттік әдістерге негізделе бастады. В.А. Богородицкийдің ғылыми бағытын жалғастырған ғалымдар қатарында Л.В. Щерба мен А.И. Томсонды атап өтуге болады.

Л.В. Щербаның «Русские гласные в качественном и количественном отношении» атты еңбегі В.А. Богородицкийдің зерттеулерін әрі қарай дамытса, А.И. Томсон өзінің эксперименттік-фонетикалық ізденістерінің нәтижелерін «Фонетические этюды» еңбегінде және «Вестник русского языкознания» басылымында жариялап отырды.

1884
В.А. Богородицкий эксперименттік фонетика бағытын қалыптастырды.
1896–1907
«Заметки по экспериментальной фонетике» мақалалар топтамасы жарық көрді.
1930
«Фонетика русского языка в свете экспериментальных данных» еңбегі басылды.

Соғыстан кейінгі кезеңдегі дамуы

Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары эксперименттік фонетика қарқынды дамып, жан-жақты зерттеле бастады. Ғылыми орталықтарда арнайы зертханалар ашылып, жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізілді.

Эксперименттік талдау әдістері дыбыстардың акустикалық және артикуляциялық ерекшеліктерін дәл анықтауға мүмкіндік беріп, фонетикалық теориялардың нақты деректермен негізделуіне жол ашты.

Ленинград университетінде Л.В. Щерба атындағы эксперименттік фонетика зертханасы жұмыс істеді. Қазан қаласындағы зертхана орыс тілінің диалектілік ерекшеліктерін зерттеуге бағытталды. Мәскеу қаласындағы Тіл білімі институтында фонетикалық-эксперименттік зертхана, сондай-ақ М. Торез атындағы шетел тілдері институтында эксперименттік фонетика және сөйлеу психологиясы зертханасы қызмет атқарды.

Физиология, психология және сөйлеу технологиялары

Эксперименттік зерттеулер тек тіл білімі аясында ғана емес, физиология және психология салаларымен де тығыз байланыста дамыды.

Ленинград қаласындағы И.П. Павлов атындағы физиология институтында адамның сөйлеу кезіндегі артикуляциялық қозғалыстарын және сөйлеуді қабылдау механизмдерін зерттейтін арнайы орталық құрылды.

Новосибирскідегі КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне қарасты математика институтында сөйлеу сигналдарын есептегіш машиналар арқылы өңдеу және олардың статистикалық сипаттамаларын анықтау бағытында ұзақ жылдар бойы зерттеулер жүргізілді. Бұл жұмыстар сөйлеуді автоматты түрде тану және өңдеу мәселелерінің дамуына негіз болды.

Қазақ тіл біліміндегі эксперименттік фонетика зертханасы

Қазақ тіл білімінде экспериментальді-фонетика лабораториясы кеңес үкіметі жылдарынан бастап қолға алынып, қазіргі уақытқа дейін жалғасып келеді.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындағы эксперименттік фонетика зертханасы алғаш рет 1961 жылы құрылды. Зертхананың алғашқы меңгерушісі – профессор Жұбаныш Аралбаев болды.

Зертхана сөйлеу тілін зерттеуге арналған жаңа аспаптармен, соның ішінде осциллограф, спектрограф, интонограф және басқа да құралдармен жабдықталды. Осыған байланысты зертхана Орта Азия мен Сібір аймағында танымал ғылыми орталыққа айналды.

Зерттеу әдістері

Эксперименттік фонетика зертханасы аясында жүргізілген зерттеулер қазақ тіл білімінде теориялық фонетиканың дамуына тың серпін әкелді. Бұған дейін негізінен сипаттамалық әдістерге сүйенген зерттеулер нақты акустикалық өлшемдермен толықтырылды.

Акустикалық талдау
Спектрлік талдау
Осциллографиялық талдау
Перцептивтік талдау
Бұл әдістер сөйлеу дыбыстарының жиілік, интенсивтілік, ұзақтық сияқты параметрлерін дәл анықтауға мүмкіндік берді.

Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін кешенді зерттеу

Зертхананың негізгі ғылыми бағыттарының бірі – қазақ тілінің дыбыстық жүйесін акустикалық және артикуляциялық тұрғыдан кешенді зерттеу болды.

Бұл бағыт аясында дауысты және дауыссыз дыбыстардың спектрлік сипаттамалары, форманттық құрылымы, дыбыстардың ұзақтығы мен қарқындылығы, сондай-ақ интонациялық ерекшеліктері жан-жақты талданды.

Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың форманттық жүйесі, олардың сөйлеу барысында өзгеруі, буын құрамындағы орны мен қызметі эксперименттік деректер негізінде анықталды.

Зерттеушілер және ғылыми жұмыстар

Осы бағытта бөлім қызметкерлері өздерінің диссертациялық зерттеулерін эксперименттік жұмыстар негізінде жүргізді.

Эксперименттік зерттеу жүргізген ғалымдар

Ә. Жүнісбеков, С. Татубаев, Н. Түркпенбаев, М. Райымбекова, А. Қошқаров, С. Кеңесбаева, З. Базарбаева, Ж. Абуов.

Ғылыми маңызы

Бұл зерттеулер қазақ тіліндегі дыбыстық жүйені ғылыми тұрғыдан жаңаша түсіндіруге, фонетикалық құбылыстарды дәл әрі объективті сипаттауға жол ашты.

Интонология саласына қосқан үлесі

Зертханада қазақ тілінің просодикалық жүйесін, оның ішінде екпін, ырғақ және интонация мәселелерін зерттеуге ерекше назар аударылды.

Интонациялық құрылымдардың коммуникативтік қызметі, сөйлем мағынасына әсері, эмоциялық-экспрессивтік реңктерді жеткізудегі рөлі арнайы аспаптар арқылы талданды.

Эксперименттік зерттеулердің нәтижесінде дыбысталған дискурстағы интонацияның негізгі компоненттері анықталып, жан-жақты сипатталды. Бұл зерттеулер қазақ тіл біліміндегі интонология саласының дамуына елеулі үлес қосты.

Экспериментті фонетика тұрғысынан зерттеу жүргізген ғалым З.М. Базарбаева алғаш қазақ тіл білімінде интонология саласының негізін қалады.

Фонетика бөлімінің ашылуы

Эксперименттік фонетика зертханасы көптеген білікті мамандарды даярлаған ғылыми мектеп ретінде қалыптасты. Мұнда қызмет еткен ғалымдар мен зерттеушілер кейін қазақ тіл білімінің түрлі салаларында еңбек етіп, ғылымның дамуына айтарлықтай үлес қосты.

Зертхана базасында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде бірқатар ғылыми еңбектер, монографиялар мен оқу құралдары жарық көрді.

1986
Эксперименттік фонетика зертханасының негізінде Фонетика бөлімі ашылып, оның меңгерушісі болып Ә. Жүнісбеков тағайындалды.

Қазіргі кезең және цифрлық технологиялар

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындағы эксперименттік фонетика зертханасы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін ғылыми тұрғыдан терең зерттеуге жол ашқан бірегей ғылыми орталық болды.

Қазіргі кезеңде эксперименттік фонетика зертханасында қалыптасқан ғылыми дәстүрлер заманауи цифрлық технологиялармен жалғасын табуда. Атап айтқанда, компьютерлік бағдарламалар арқылы дыбыстық сигналдарды талдау, автоматтандырылған сөйлеу тану және синтездеу жүйелерін жасау бағытында зерттеулер жүргізілуде.

Бұл жұмыстар қазақ тілінің цифрлық ресурстарын дамытуға және тілдің ақпараттық технологиялар кеңістігінде қолданылу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Материалды әзірлеген – Ж. Жұмабаева.
← Басты бетке қайту