Суперсегментті фонетика туралы
Суперсегментті фонетика – сегментті фонетиканың үстінен түсетін түрлі
просодикалық құбылыстарды қарастырады. Суперсегментті фонетикалық бірліктер
сегментті фонетикалық бірліктерден құралады.
Суперсегментті бірліктерге буын, бунақ, ырғақты топ, синтагма, фраза,
күрделі фразалық тұтастық жатады. Адам сөйлеу барысында тек сөздерді ғана
айтпайды, сонымен қатар өз ойын, эмоциясын, қатынасын интонация арқылы жеткізеді.
Сондықтан суперсегментті фонетика ауызша сөзді толық түсінуге септігін тигізеді.
Интонация компоненттері тілдердің бәрінде қолданылатын универсалды просодикалық
тәсіл болып табылады.
Суперсегментті фонетика немесе интонология саласы бірнеше негізгі компоненттерден
тұрады. Олар: әуен, қарқын, кідіріс, интенсивтілік, дауыс реңкі. Интонация
компоненттерін синтагмалар арасындағы мағыналық қарым-қатынасты білдірудің бір
әдісі ретінде қарастыруға болады.
Негізгі компоненттері
Әуен
Әуен – сөйлеудегі дауыс биіктігінің, яғни тонның өзгеруі арқылы
жасалатын музыкалы құбылыс. Қазақ тілі фонетикасында әуен интонацияның
негізгі компоненті болып табылады және сөйлемнің мағынасы мен эмоциялық
реңкін айқындайды.
Үдемелік
Үдемелік көбінесе дыбыстардың негізгі тон жиілігімен бірігіп,
сөйлемдегі сөздердің акценттелуіне қатысады. Сөйлемдегі сөз тізбектерінің
бір үзіндісін акценттеу керек болса, сол жердегі үдемелік күшейеді.
Үдемеліктің күшеюі құлаққа көбінесе дауыстың қатты шыққанындай болып
естіледі. Эмоцияның көбеюімен байланысты үдемелік те молаяды.
Қарқын
Қарқын – сөйлеу жылдамдығы. Ол сөйлеушінің көңіл күйіне немесе
жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Сөйлеу қарқыны белгілі бір уақыт
аралығында айтылған сөз бөліктері санымен анықталады.
Әрбір адамның өзіндік сөйлеу қарқыны болады. Сөйлеуші мән берген
сөз бөлігін баяу, ал қалған бөліктерін жылдам қарқынмен айтады.
Кідіріс
Кідіріс – сөйлеу барысындағы уақытша үзілісті білдіретін просодикалық
құбылыс. Олар ойды бөлшектеуге және мағынаны нақтылауға қызмет етеді.
Кідірістің сөйлеуде бірнеше түрі бар: логикалық, эмоциялық,
физиологиялық, ситуациялық, хезитациялық, хезитациялық вокалданған.
Кідіріс түрлері
Логикалық кідіріс
Логикалық кідіріс – сөйлеу барысында ойдың мағыналық бөліктерін ажырату,
негізгі ақпаратты айқындау мақсатында жасалатын үзіліс. Ол сөйлемнің мазмұнын
дұрыс түсінуге және маңызды бөліктерін ерекшелеуге көмектеседі.
– Егер сен дайын болсаң… біз бастаймыз.
– Ең маңыздысы… уақытты тиімді пайдалану.
Эмоциялық кідіріс
Эмоциялық кідіріс – сөйлеушінің көңіл күйін, сезімін, қуаныш, қайғы,
таңдану, қобалжу сияқты эмоцияларын білдіру мақсатында жасалатын үзіліс.
– Мен… сені көптен бері күттім.
– Бұл… рас па?!
Физиологиялық кідіріс
Физиологиялық кідіріс – сөйлеу барысында адамның тыныс алуына байланысты
табиғи түрде жасалатын үзіліс. Ол сөйлеу мүшелерінің қызметіне тәуелді болады.
– Бүгін біз маңызды мәселені қарастырамыз… оның шешу жолдарын талқылаймыз.
Ситуациялық кідіріс
Ситуациялық кідіріс – сөйлеу жағдайына, қарым-қатынас ортасына немесе сыртқы
факторларға байланысты туындайтын үзіліс.
– Мен сізге бір маңызды нәрсе айтқым келіп еді…
– Қазір… бір сәт күтіңізші.
Хезитациялық кідіріс
Хезитациялық кідіріс – сөйлеушінің ойлану, күмәндану немесе сөз таңдауда
қиналу барысында жасалатын үзіліс. Ол көбіне дайындықсыз сөйлеуде байқалады.
– Мен… бүгін бара алмайтын шығармын.
– Бұл… қалай айтсам екен… дұрыс шешім емес сияқты.
Хезитациялық вокалданған кідіріс
Хезитациялық вокалданған кідіріс – сөйлеуші ойлану немесе сөз таңдауда
кідірген кезде, үзілісті толық үнсіз қалдырмай, түрлі дыбыстармен толтыру арқылы
жасалатын кідіріс түрі.
– Мен… ы::… бұл ұсыныспен толық келісемін.
– Бұл… ым::… қиын сұрақ екен.
Дауыс реңкі
Интонацияның компоненттерінің бірі – дауыс реңкі. Реңк дегеніміз – адамның
әртүрлі көңіл күйін, эмоциясын білдіретін интонациялық тәсіл.
Реңк арқылы қуаныш пен реніш, ашу мен ирония, көңілдену мен мейірлену,
сықақ пен мысқыл сияқты сезімдер беріледі. Қазақ тілінде дауыс реңкі сезімдік
мазмұнымен бірге сөйлемнің жалпы мағынасына да әсер етеді.
Мысалы, «Білеміз» деген сөйлемді дауыс реңкі басқа интонация компоненттерімен
бірігіп жағымды немесе жағымсыз мағынада білдіре алады. Акустикалық деңгейде
дауыс реңкі спектрге сәйкес келеді.
Қазақ тіліндегі интонемалар
Қазақ тіл білімінде сөйлемнің әртүрлі коммуникативтік түрлері, оның
синтаксистік құрылымдары зерттеліп, эксперимент жүргізу арқылы қазақ тілінде
8 интонема бар екені академик З.М. Базарбаеваның жұмысында белгілі болды.
1. Тиянақты интонема.
2. Тиянақсыз интонема.
3. Жалпы сұрақтың интонемасы.
4. Арнаулы сұрақ интонемасы.
5. Қатал бұйрықты интонемасы.
6. Сыпайы бұйрықты интонемасы.
7. Лепті сөйлемдердің интонемасы.
8. Қыстырма сегменттердің интонемасы.
Суперсегментті фонетика саласын зерттеген және пікір білдірген ғалымдар
Жалпы тіл білімінде
Blair, А.Б. Шапиро, P. Бенедикс, Jones, Д. Стиль,
Ш.П. Жиро-Дювивье, H. Sweet, H. Pernot, S. Karcevskij,
M. Grammont, S.C. Boyanus, Romportl, О.А. Норк, Daneš,
Rigault, G. Faure, Л.К. Цеплитис, D.L. Bolinger,
W. Zwanenburg, K.L. Pike, P. Delattre, B. Malmberg,
У.Ш. Байчура, M. Halliday, Ж. Дюбуа, О. Захер және т.б.
Орыс тіл білімінде
Л.В. Щерба, А.М. Пешковский, М.В. Ломоносов,
В.А. Богородицкий, В.Н. Всеволодский-Гернгросс,
В.А. Артемов, Е.А. Брызгунова, Т.М. Николаева,
Л.Г. Блохина, Г.К. Потапова, И.Г. Торсуева,
Н.Г. Светозарова, В.В. Виноградов, А.Н. Гвоздев,
Н.В. Черемисина, Л.Р. Зиндер, А.М. Антипова және т.б.
Қазақ тіл білімінде
А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, І. Кеңесбаев,
Ғ. Мұсабаев, М. Балақаев, Т. Қордабаев, Ж. Аралбаев,
М. Каспарова, А. Ысқақов, Ә. Хасенов, К. Аханов,
Ә. Нұрмаханова, Ш. Сарыбаев, Ә. Жүнісбек,
З. Базарбаева, А. Фазылжанова, А. Аманбаева,
Ж. Кеншінбаева, С. Алпатина, Е. Ормаханова және т.б.