2000–2002
Қазақ мәтінін сегментке мүшелеудің фонетика-фонологиялық негіздері
Бөлім қызметкерлері «Ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің қызметі мен дамуының ғылыми негіздерін зерттеу»
атты іргелі зерттеу бағдарламасының «Қазақ мәтінін (сөйленімін) сегментке мүшелеудің фонетика-фонологиялық негіздері»
(жетекшісі - профессор З.М.Базарбаева) атты тақырып бойынша 2000-2002 жж. ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді
(Ә.Жүнісбек, А.Фазылжанова).
2003–2005
Қазақ мәтінін синтездеудің фонетика-фонологиялық негіздері және компьютерлік бағдарламасы
Бөлім қызметкерлері теориялық проблемалармен бірге қолданбалы мәселелермен де шұғылданады.
«Тілдердің үйлесімді қызмет етуі мен дамуы – егемен Қазақстанның тұрақты және өркениетті дамуының тірегі»
атты іргелі зерттеу тақырыбының «Қазақ мәтінін (сөйленімін) синтездеудің фонетика-фонологиялық негіздері және
компьютерлік бағдарламасы» (жетекшісі - профессор З.М.Базарбаева, 2003-2005 жж.) атты бағыты бойынша зерттеу жүргізілді
(Ә.Жүнісбек, А.Фазылжанова, А.Аманбаева).
Фонетика-фонологиялық теориялардың негізінде қазақ тіл білімінде және жалпы түркологияда да әлі қаралмаған сөз
синтездеу және оның компьютерлік бағдарламасы деген күрделі проблема қолға алынды. Сөз синтездеу дегеніміз – бұл
сөйлеп тұрған адам мен компьютер арасындағы жаңа байланыс арнасы. Оны қолданудың оңай көзі – мәтінді, тіпті кітаптарды
дауыстап оқу және телефон арқылы арнайы кеңейтілген мәлімет, мысалы, ақпарат қорынан заң мәтінін алу.
2006–2008
Қазақ тілінің тарихи фонетикасы: фонологизация құбылыстары
Гранттық қаржыландыру аясында 2006-2008 жылдары «Қазақ тілінің тарихи фонетикасы: фонологизация құбылыстары
(вокализм мен консонантизм жүйесі)» (жетекшісі – профессор З.М.Базарбаева) атты тақырып бойынша фонетика бөлімінің
қызметкерлері зерттеу жұмысын жүргізді. Зерттеу жұмысы бес тарауға бөлінді: 1) тарихи сингармонизм (Ә.Жүнісбек);
2) диахрондық фонология (З.М.Базарбаева); 3) тарихи консонантизм (А.Фазылжанова); 4) тарихи вокализм (Ж.Жұмабаева);
5) тарихи морфонология (А.Аманбаева).
2007–2009
Қазақ тілін өзге тілді ұлттар өкілдеріне оқытудың ғылыми-дидактикалық негіздері
«Ұлттық идея» бағдарламасы аясында (2007-2009) «Қазақ тілін өзге тілді ұлттар өкілдеріне оқытудың ғылыми-дидактикалық
негіздері және оның бағдарламасы» (жетекшісі – профессор З.М.Базарбаева) атты тақырып бойынша зерттеу жүргізілді.
Жұмыста қазақ тілін «екінші тіл», яғни қазақ тілін өзге тілді ұлт өкілдеріне оқытудың теориялық мәселелері, оның
формалары мен әдістері зерттелді. Жұмыстың нәтижесі ретінде өзге тілді ұлт өкілдеріне қазақ тілі интонациясын
оқытуда жаттығулар мен тапсырмалар ұсынылды.
2009–2011
Қазақ тілі фонологиялық жүйесін диахрондық аспектіде зерттеу
Мемлекеттік тапсырыс бойынша 2009-2011 жылдарға жоспарланған іргелі зерттеу бағдарламасының аясында
«Қазақ тілі фонологиялық жүйесін диахрондық аспектіде зерттеу» (жетекшісі – профессор З.М.Базарбаева) атты
тақырып бойынша жұмыс жүргізілді. Орындалған зерттеу жұмысында диахрондық фонология мәселелері үш принциптің
(жүйелілік, тарихилық, себептілік) аясында қарастырылды. Түркі тілдерінің вокализм мен консонантизм жүйелерінің
даму тарихы мен кезеңдері салыстырмалы-тарихи әдістер арқылы сипатталып, фонетика-фонология құбылыстарының
нәтижелерімен бірге байырғы дыбыс жүйелерінің дамуына себеп болған тетіктер де тарихи факторлар арқылы анықталды.
2011–2013
Елдің рухани қауіпсіздік шеңберінде қазақ тілінің лингвистикалық дыбыс қорын зерттеу
Гранттық қаржыландыру аясында 2011-2013 ж. «Елдің рухани қауіпсіздік шеңберінде қазақ тілінің лингвистикалық
(дыбыс) қорын зерттеу» (жетекшісі – профессор З.М. Базарбаева) атты тақырып бойынша зерттеу жұмысы жүргізілді.
Зерттеуде сөз ағымында көрініс табатын фонетикалық бірліктер (сегментті және суперсегментті) антропоөзектік
аспектіде қарастырылып, қазақ тілінің дыбыс қоры зерттелді. Фонетика бөлімінің қызметкерлері қазақ тілінің
фонетикалық жүйесіне қатысты мәселелерді әр қырынан, яғни сегментті және суперсегментті фонетика саласы
антропоөзектік аспектіде зерттелді.
2011–2013
Ұлы дала тұлғалары
2011-2013 ж. «Әлемдегі заманауи әлеуметтік-гуманитарлық үдерістер және елдің рухани қауіпсіздігін қамтамасыз
етудегі отандық ғылым мен мәдениеттің рөлі» атты қолданбалы зерттеу бағдарламасы аясында қазақ тіл біліміне
зор үлес қосқан ғалымдардың өмірі мен ғылыми зерттеулеріне арналған «Ұлы дала тұлғалары» (жетекшісі – ҰҒА академигі
Ө. Айтбайұлы) атты сериялық еңбек академик М. Балақаевтың өмірі мен шығармашылығына негізделді»
(Орындаушылар А. Аманбаева, Ж. Жұмабаева).
2014–2016
Ұлттық тіл білімі бойынша инновациялық білімдер жүйесін ҚР жоғары оқу орындарына енгізу
2014-2016 ж. «Ұлттық тіл білімі (фонетика) бойынша инновациялық білімдер жүйесін ҚР жоғары оқу орындарына енгізу»
(жетекшісі – профессор З.М.Базарбаева) атты ғылыми жоба фонетика бөлімінде кешенді орындалған жұмыстың бірі болып
табылады. Аталмыш зерттеу жұмысында қазақ фонетикасы мен фонологиясы бойынша білімдер практикалық және теориялық
тұрғыдан жүйеленді, түгенделді (инвентарлау), лексикографиялық, лингвистикалық ғылыми еңбектер талданды.
2015–2017
Қазақ сөйленімін синтездеу: фонетикалық корпусты қалыптастыру
Фонетика бөлімінде 2015-2017 ж. «Қазақ сөйленімін синтездеу: фонетикалық корпусты қалыптастыру»
(жетекшісі – ф.ғ.к. А.Аманбаева) атты тақырыпта зерттеу жұмысы жасалды. Ұсынылып отырған ғылыми зерттеу жұмысында
қазақ мәтінін синтездеудің және оны компьютер бағдарламасына икемдеудің жолдары мен әдістері қарастырылды.
Жинақталған материалдарға фонетика-фонологиялық, морфологиялық және просодикалық талдау жүргізілді.
2015–2017
Қазақ тілінің фонетика-грамматикалық бөлшектерінің үндесім-интерактивті инновациялық модельдері
2015-2017 жылдар аралығында гранттық қаржыландыру аясында «Қазақ тілінің фонетика-грамматикалық бөлшектерінің
(сегменттерінің) үндесім-интерактивті инновациялық модельдері» атты ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылды
(жетекшісі – профессор Ә. Жүнісбек). Аталған жоба шеңберінде фонетика бөлімінің қызметкерлері қазақ тілінің
дыбыстық жүйесіне қатысты мәселелерді кешенді түрде қарастырып, сегментті және суперсегментті фонетика салаларының
өзара байланысын негізге ала отырып, олардың интерактивті әрі инновациялық модельдерін әзірлеуге бағытталған
ғылыми жұмыстар жүргізді. Зерттеу барысында үндесім заңдылықтары, дыбыстық бірліктердің грамматикалық қызметі және
олардың сөйлеу үдерісіндегі көрінісі жан-жақты талданып, қазақ тіл біліміндегі фонетика-фонологиялық зерттеулердің
жаңа бағыттарын қалыптастыруға негіз қаланды.
2018–2020
Дыбысталған дискурстың сегментті-просодикалық сипаты
2018-2020 ж. «Дыбысталған дискурстың сегментті-просодикалық сипаты» (жетекшісі – профессор З.М.Базарбаева) атты
тақырып аясында ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілді. Ғылыми жобада алғаш рет қазақ тілінің фонетикалық жүйесі танымал
қоғам қайраткерлерінің ауызша сөзін талдау негізінде коммуникативті-прагматикалық жағынан полипарадигмалық аспектіде
сипатталып, фонетикалық бірліктері сегментті және суперсегментті деңгейде зерттелді. Аталған зерттеу жұмысының
нәтижесінде қоғам қайраткерлерінің сөйлеген сөздері таспаға жазылып, фонетика бөлімінің қорында сақталды.
Жоба аясында 30 жуық ғылыми мақалалар халықаралық конференцияларда, ғылыми журналдарда жарық көрді.
2018–2020
Латынграфикалы жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғырту
2018-2020 жылдары ф.ғ.проф. Е.З. Қажыбектің жетекшілігімен «Латынграфикалы жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ
жазуын жаңғыртудың ғылыми-лингвистикалық базасын әзірлеу» атты бағдарламалық-нысаналы зерттеу жобасына Фонетика
бөлімінің қызметкерлері профессор Ә.Жүнісбек, академик З.М.Базарбаева, ф.ғ.к. А.Аманбаева, ф.ғ.к. Ж.Жұмабаева,
ф.ғ.к. А.Қаршығаева қатысты. Осы жоба аясында латын әліпбиіне негізделген ортологиялық құралдар «Орфоэпиялық
анықтағыш» пен «Орфоэпиялық сөздік» әзірленді. Аталған орфоэпиялық сөздікте алғаш рет шеттілдік сөздердің
орфоэпиясының модельдері берілді және жаңа сөздермен толықтырылды. Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіруге байланысты
кейбір әріптердің таңбалануына қатысты ғылыми-зерттеулер жүргізілді. Әсіресе әліпби түзуде әрбір әріптерге
фонетика-фонологиялық тұрғыдан сипаттама жасалып, оның ерекшеліктері, қолданысы көрсетілді.
2021
Қазақ тілінің фонетика-фонологиялық транскрипциясын және ұлттық корпустың фонетикалық белгіленімін әзірлеу
2021 жылы Фонетика бөлімінде гранттық қаржыландыру бойынша ф.ғ.к. Ж.Жұмабаеваның жетекшілігімен
«Қазақ тілінің фонетика-фонологиялық транскрипциясын және ұлттық корпустың фонетикалық белгіленімін әзірлеу»
тақырыбы аясында біржылдық зерттеу жұмысы жүргізілді. Бұл зерттеуде қазақ тілінің фонетикалық әрі фонологиялық
транскрипциясы негізге алынды. Себебі фонетикалық транскрипция, фонологиялық транскрипция мәселелері 1957 жылдары
І.Кеңесбаев, Ж.Аралбаев сынды зерттеушілердің еңбектерінде, Ә.Жүнісбектің ғылыми зерттеулерінде айтылғанымен,
арнайы зерттеу жұмысы ретінде қарастырылмады. Осымен байланысты бұрынғы зерттеулерге сүйене отырып қазақ тіліндегі
фонетикалық транскрипцияның маңызы мен ерекшелігі және оның фонологиялық транскрипциядан айырмашылығы тілдік
деректер негізінде қарастырылды.
2021–2022
Жаңартылған нормативтік сөздіктер мен академиялық басылымдар сериясын әзірлеу
2021-2022 жылдары филология ғылымдарының кандидаты А.М. Фазылжанованың жетекшілігімен
«Мемлекеттік тілді латынграфикалы ұлттық әліпбиге көшіруді қамтамасыз ететін жаңартылған нормативтік сөздіктер мен
академиялық басылымдар сериясын әзірлеу» атты бағдарламалық-нысаналы ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылды.
Аталған жобаға фонетика бөлімінің қызметкерлері – профессор Ә. Жүнісбек, академик З.М. Базарбаева, филология
ғылымдарының кандидаттары А. Аманбаева, Ж. Жұмабаева және басқа да мамандар қатысып, қазақ тілін латын графикасына
көшіру үдерісінің ғылыми-теориялық және практикалық негіздерін жетілдіруге, сондай-ақ нормативтік сөздіктер мен
академиялық басылымдарды әзірлеуге елеулі үлес қосты.
2022–2024
Сегментті және суперсегментті фонетикаға қатысты инновациялық білімдер жүйесін жоғары оқу орындарына енгізу
2022-2024 жылдар аралығында гранттық қаржыландыру аясында «Сегментті және суперсегментті фонетикаға қатысты
инновациялық білімдер жүйесін жоғары оқу орындарына енгізу» атты ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылды
(жетекшісі – филология ғылымдарының докторы, профессор З.М. Базарбаева). Жобаның мақсаты – фонетиканың сегментті
және суперсегментті деңгейлеріне қатысты заманауи ғылыми білімдерді жүйелеп, оларды жоғары оқу орындарының оқу
үдерісіне тиімді енгізу болды. Зерттеу барысында фонетика мен фонологияның теориялық-әдіснамалық негіздері жаңартылып,
инновациялық оқыту әдістері мен оқу-әдістемелік материалдар әзірленді. Жобаға филология ғылымдарының кандидаты
Н. Әміржанова қатысып, зерттеу бағыттарын жүзеге асыруға және ғылыми нәтижелерді білім беру жүйесіне енгізуге
өз үлесін қосты.
2022–2024
Диахрондық фонология: түркі тілдерінің вокализм және консонантизм жүйесі
2022-2024 жылдар аралығында гранттық қаржыландыру аясында «Диахрондық фонология: түркі тілдерінің вокализм және
консонантизм жүйесі» атты ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылды (жетекшісі – филология ғылымдарының докторы,
профессор З.М. Базарбаева). Аталған жобаға бөлім қызметкерлері толық құрамда қатысып, түркі тілдеріндегі дауысты
және дауыссыз дыбыстар жүйесінің тарихи дамуын, олардың фонологиялық айырым белгілерін және эволюциялық өзгерістерін
кешенді түрде қарастырды. Зерттеу барысында вокализм мен консонантизмнің қалыптасу заңдылықтары, олардың тарихи
сабақтастығы мен тілдер арасындағы ұқсастықтары мен айырмашылықтары салыстырмалы-тарихи және типологиялық тұрғыдан
талданды. Жоба нәтижесінде түркі тілдерінің дыбыстық жүйесінің дамуын түсіндіретін жаңа ғылыми тұжырымдар ұсынылып,
тарихи фонологияның теориялық негіздерін тереңдетуге елеулі үлес қосылды.
2022–2024
Қазақ тілінің жаңғыру әлеуеті: жаңартпалар, үрдістер мен үдерістер
2022-2024 жылдар аралығында «Қазақ тілінің жаңғыру әлеуеті: жаңартпалар (лат. innovation), үрдістер мен үдерістер»
атты іргелі ғылыми-зерттеу жұмысы жүзеге асырылды. Аталған жобаға бөлім қызметкерлері толық құрамда қатысып,
қазақ тілінің қазіргі даму бағыттарын, жаңғыру үдерістерін және тілдік инновациялардың қалыптасу тетіктерін жан-жақты
қарастыруға атсалысты. Зерттеу барысында тілдің фонетикалық, лексикалық және грамматикалық деңгейлеріндегі өзгерістер
жүйелі түрде талданып, олардың ішкі және сыртқы факторлармен байланысы айқындалды. Сонымен қатар қазақ тілінің
жаңғыру әлеуетін айқындайтын ғылыми тұжырымдар жасалып, нәтижелері тіл білімінің өзекті мәселелерін шешуге бағытталды.
2022–2024
Қазақ мәтінін автоматты тану: лингвистикалық модульдер мен ІТ-шешімдер әзірлемесі
2022-2024 жылдар аралығында «Қазақ мәтінін автоматты тану: лингвистикалық модульдер мен ІТ-шешімдер әзірлемесі»
атты ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылды (жетекшісі – филология ғылымдарының кандидаты А.М. Фазылжанова).
Аталған жоба аясында қазақ тіліндегі мәтіндерді автоматты тану мен өңдеуге арналған лингвистикалық модельдер мен
заманауи ІТ-шешімдер әзірлеу көзделіп, тілдің фонетикалық, орфографиялық және морфологиялық ерекшеліктерін ескеретін
кешенді жүйе құру бағытында зерттеулер жүргізілді. Жоба нәтижесінде мәтінді тану сапасын арттыруға ықпал ететін
алгоритмдер мен бағдарламалық құралдар ұсынылып, қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі қолданылу аясын кеңейтуге негіз
қаланды. Аталған жобаға фонетика бөлімінің қызметкерлері – академик З.М. Базарбаева, ф.ғ.к А. Қаршығаева,
Н. Оспанғазиева және басқа да мамандар қатысты.
2023–2025
Қазақ тілінің ұлттық корпусын жетілдіру және оның ішкорпустарын кеңейту
2023-2025 жылдар аралығында «Мәдениетаралық коммуникация құралы ретіндегі Қазақ тілінің ұлттық корпусын (ҚТҰК)
жетілдіру және оның ішкорпустарын кеңейту» атты ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылды (жетекшісі – филология
ғылымдарының кандидаты А.А. Жаңабекова). Жоба аясында қазақ тілінің ұлттық корпусын мазмұндық және құрылымдық
тұрғыдан жетілдіру, оның мәдениетаралық коммуникациядағы қызметін арттыру және түрлі функционалдық бағыттағы
ішкорпустарды кеңейту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар заманауи поэзия ішкорпусы бойынша мәтіндерді
іріктеу, жүйелеу, аудионы толықтыру және өлеңдерді құрылысын қарай орфоэпиясы сақталуын қарастыру, корпус деректерін
ғылыми зерттеулер мен білім беру үдерісінде тиімді пайдалану мүмкіндіктері арттырылды. Аталған жобаға фонетика
бөлімінің қызметкерлері – академик З.М. Базарбаева, филология ғылымдарының кандидаттары А. Аманбаева, Ж. Жұмабаева,
А. Қаршығаева, Н. Оспанғазиева және басқа да мамандар қатысты.
2024–2026
Қазақ тілі ұлттық корпусын Smart-мәтіндер мегажобасы және қазақтілді жасанды интеллект негізі ретінде жетілдіру
2024-2026 жылдар аралығында «Қазақ тілі ұлттық корпусын Smart-мәтіндер мегажобасы және қазақтілді жасанды интеллект
негізі ретінде жетілдіру, ішкорпустарын әзірлеу» атты ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылды (жетекшісі – филология
ғылымдарының кандидаты А.М. Фазылжанова). Жоба аясында қазақ тілінің ұлттық корпусын жаңа деңгейге көтеру, оны
smart-мәтіндер негізінде кеңейту және ауызша ішкорпусқа база толықтыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар әртүрлі функционалдық бағыттағы ішкорпустар әзірленіп, мәтіндерді белгілеу (таңбалау), құрылымдау және
мәтіндерді орфоэпияға бейімдеу жұмыстары жүзеге асырылды. Зерттеу нәтижелері қазақ тілінің цифрлық ресурстарын дамытуға,
тілдік деректерді тиімді пайдалануға және заманауи ІТ-технологиялармен ықпалдастыруға маңызды негіз қалады. Аталған
жобаға фонетика бөлімінің қызметкерлері – академик З.М. Базарбаева, филология ғылымдарының кандидаттары
А. Аманбаева, Ж. Жұмабаева, А. Қаршығаева, Н. Оспанғазиева және жас мамандарымыз С.Бейсенхан, С.Тұрсатаева басқа да
мамандар қатысып, ауызша ішкорпусты жетілдіруге атсалысуда.
2024–2026
Қазақ тілінің орфоэпиялық нормасы негізінде сөз синтезі жүйесін әзірлеу
2024-2026 жылдар аралығында «Қазақ тілінің орфоэпиялық нормасы негізінде сөз синтезі жүйесін әзірлеу» атты
ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылды (жетекшісі – филология ғылымдарының докторы, профессор З.М. Базарбаева).
Жоба аясында қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын ғылыми тұрғыдан жүйелеп, оларды сөйлеу синтезі жүйелерінде
қолдануға бейімдеу бағытында кешенді зерттеулер жүргізілді. Атап айтқанда, дыбыстардың комбинаторлық және позициялық
өзгерістері, үндесім заңдылықтары мен просодикалық ерекшеліктері ескеріліп, табиғи сөйлеуге барынша жақын синтез
үлгілерін жасауға арналған лингвистикалық модельдер әзірленді. Нәтижесінде қазақ тіліндегі сөз синтезінің сапасын
арттыруға ықпал ететін ғылыми-әдістемелік негіздер мен бағдарламалық шешімдер ұсынылып, тілдің цифрлық технологиялардағы
қолданыс аясын кеңейтуге мүмкіндік жасалды. Аталған жобаға фонетика бөлімінің қызметкерлері – академик З.М. Базарбаева,
филология ғылымдарының кандидаттары А. Аманбаева, Ж. Жұмабаева, А. Қаршығаева, Н. Оспанғазиева және жас мамандарымыз
С.Бейсенхан, С.Тұрсатаева басқа да мамандар толық құрамда қатысып, сөз синтезін жан-жақты қарастырып, орфоэпияға
негізделген сөз синтезін жасауға тырысып жатыр.