ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ФОНЕТИКА САЙТЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ
ФОНЕТИКА САЙТЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ атындағы ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫ
Кітаптар Дәрістер
Фонетика бөлімі

Фонетика бөлімі: тарихы

Бұл бетте Тіл білімі институтындағы фонетика бөлімінің қалыптасу тарихы, эксперименттік зертхананың құрылуы, ғылыми мектептердің дамуы және қазіргі зерттеу бағыттары жүйеленіп берілді.

Эксперименттік фонетика лабораториясының құрылуы

Өткен ғасырдың елуінші жылдарында, 1958 жылы Тіл білімі институтында экспериментті фонетика лабораториясы құрылып, оның алғашқы меңгерушісі Ж. Аралбаев болған.

Сөйлеу тілін зерттейтін жаңа аспаптармен, атап айтқанда осциллограф, спектограф, интонограф және басқа да құралдармен қамтамасыз етілген лаборатория бүкіл Орта Азия мен Сібірде танымал болды.

Сол өңірлерден келген аспиранттар мен ізденушілер өздерінің экспериментті жұмыстарын осы лабораторияда жүргізіп, кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғады. Қазақ тілі фонетикасының кейбір талас тудыратын теориялық мәселелері экспериментті түрде дәлелденді.

І. Кеңесбаев пен Ж. Аралбаев еңбектері

Ісмет Кеңесбаев

Ісмет Кеңесбаев қазақ фонетикасының негізгі проблемаларын, яғни дыбыстардың құрамы мен жіктелуін, буынның жасалуы мен алмасуын, дыбыстардың үндесуін, сингармонизм, акцентуация мәселелерін сөз еткен.

Ғалым фонетика саласында Ленинград фонология мектебінің принциптерін ұстанады. Сондай-ақ ол тұңғыш рет қазақ тілінің фонетикалық транскрипциясын жасаған.

Жұбаныш Аралбаев

Жұбаныш Аралбаев қазақ тілі фонетикасының өзекті мәселелерін қарастырып, дыбыстардың құрамы мен айтылу ерекшелігін, сингармонизм заңдылығын, буын жігі мен кейбір просодикалық мәселелерді зерттеген.

Ол қазақ тілінің фонема теориясының дамуына үлес қосып, тарихи фонетикаға да назар аударған. Сонымен қатар ритмикалық және ой екпіні, фразалық мелодика, интонацияның семантика-синтаксистік функциялары жөнінде құнды пікірлер айтқан.

Фонетика бөлімінің қалыптасу кезеңдері

1958
Тіл білімі институтында экспериментті фонетика лабораториясы құрылды. Алғашқы меңгерушісі Ж. Аралбаев болды.
1960–1980
Қазақ тілінің фонетикалық жүйесі І. Кеңесбаев пен Ж. Аралбаевтардың еңбектерінде зерттелді. Қазақ тілінің сөйлеу және жазу нормаларына көңіл бөлінді.
1986
Эксперименттік фонетика лабораториясының аясында фонетика бөлімі ашылып, оның меңгерушісі ф.ғ.д., профессор Ә. Жүнісбек болды.
2001–2013
ҰҒА корреспондент-мүшесі З. Базарбаева бөлім меңгерушісі қызметін атқарды.
2014–2025
Бөлім меңгерушісі ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор А. Аманбаева болды.
2026 жылдан
Бөлімді ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Ж. Жұмабаева басқарады.

Эксперименттік зерттеулер және ғылыми ізденістер

Сол кезеңдерде өмірдің сұранысына сәйкес қазақ тілінің дыбыстарын экспериментті түрде зерттеу қажеттілігі туындап, бөлімнің қызметкерлері эксперименттік жұмыстарды жүргізді.

Осыған байланысты Ә. Жүнісбек, С. Татубаев, Н. Түркпенбаев, М. Райымбекова, А. Қошқаров, С. Кеңесбаева, З. Базарбаева кандидаттық диссертацияларын қорғады.

Сингармониялық бағыттың дамуы

90-жылдардан бастап, Қазақстан егемендік алғаннан бері қазақ тілінің фонетикалық жүйесі үндестік заңы, яғни сингармонизм тұрғысынан қарастырыла бастады. Бөлім қызметкерлері экспериментті жұмыстармен қатар теориялық проблемалармен де шұғылданды.

Сингармониялық бағытты қолға алып, оның ұғымдары мен терминологиясын жасап, теория деңгейіне көтерген ғалым Ә. Жүнісбек болды.

Сингармонизм теориясы бойынша фонема мен екпін негізге алынбайды. Сингармонизмнің ең кіші функционалды бірлігі сингема деп танылады және ол төрт түрлі сингармониялық тембрмен сипатталады: езу жуан, езу жіңішке, ерін жуан, ерін жіңішке.

Бұл бағыт бойынша үндесім фонологиясы басшылыққа алынады. Қазақ тіліндегі үндесім дыбыстардың құрамы жүйе ретінде беріліп, барлық дыбыстың жасалым, айтылым және естілім белгілері анықталды.

Дәстүрлі және сингармониялық теория

Қазіргі таңда қазақ тілінің дыбыс жүйесі екі теориялық бағыттың принциптері бойынша зерттеліп келеді. Бірінші бағыт дәстүрлі фонологиялық теория негізінде қалыптасқан. Бұл бағыт І. Кеңесбаев пен Ж. Аралбаев еңбектерімен байланысты.

Екінші бағыт сингармониялық теория негізінде қалыптасқан. Бұл бағыт Ә. Жүнісбек пен Ж. Абуов еңбектерімен байланысты. Дәстүрлі теорияны ұстанатын ғалымдар фонеманы тілдегі шағын, сөз мағынасын ажырататын функционалды бірлік деп есептейді. Ал сингармониялық теория бойынша фонеманың қызметін просодикалық бірлік сингема атқарады.

Интонология бағыты

Қазақ тілінің дыбыс жүйесі тек сегментті фонетика аясында ғана емес, сондай-ақ суперсегментті фонетика тұрғысынан да зерттеліп келеді.

Сегментті бөлшектерді фонемаларды фонология зерттейтін болса, сингемаларды сингармонология, ал суперсегментті бөлшектерді интонемаларды интонология зерттейді.

Суперсегментті фонетика сөйлеу тілінің интонациялық жүйесін, оның қызметін, бірліктерін, компоненттерін, яғни әуен, қарқын, интенсивтілік, ырғақ, екпін, ұзақтылық, дауыс реңкі сияқты құбылыстарды синтаксис және семантикамен байланысты қарастырады.

Ғалым З. Базарбаеваның бастамасымен интонология өз алдына жеке білім саласы ретінде қалыптасып, өзіндік мектеп қалыптастырды. Осы бағытта фонетика бөлімінің ғылыми қызметкерлері А. Фазылжанова мен А. Аманбаева кандидаттық диссертациялар қорғап шықты.

Қазіргі ғылыми бағыттар

Қазіргі таңда қазақ тілі фонетикасының жүйесі төмендегі ғылыми бағыттар аясында зерттеліп келеді:

Дәстүрлі фонологиялық бағыт
Сингармониялық бағыт
Интонология бағыты
Тарихи фонетика бағыты
Қолданбалы фонетика бағыты
← Басты бетке қайту